Қазақстанда банктердің қарыздарды басқа компанияларға беру тәртібі өзгеруі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осыған қатысты жаңа қаулы жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жоба банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша талап ету құқықтарын сенімгерлік басқаруға беруге қатысты. Яғни, банк қарызды өзі өндірмей, оны арнайы сервистік компанияға немесе коллекторлық агенттікке басқаруға тапсырған жағдайда, ол ұйымдарға қойылатын талаптар нақты белгіленбек. Бұл бастама 2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» заң аясында әзірленген.
Қазіргі таңда банктер проблемалық қарыздарды әртүрлі компанияларға бере алады, алайда олардың қызметіне қойылатын талаптар біркелкі емес. Осы себепті қарыз алушылар үшін түсініксіз жағдайлар туындап, кейде құқықтық даулар да кездесіп жатады. Жаңа жоба осы олқылықтарды жоюды көздейді.
Енді қарыздарды басқарумен айналысатын коллекторлық агенттіктер мен стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдар белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Бұл талаптар қарызды басқару процесін ретке келтіріп, банктер мен қарыз алушылар арасындағы қатынасты заң аясында жүргізуге мүмкіндік береді.
Агенттіктің мәліметінше, бұл өзгерістер әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан кері әсерін тигізбейді. Керісінше, қарыздарды басқару саласындағы ашықтықты арттырып, құқықтық сенімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы жылдары проблемалық қарыздармен жұмыс істеу тәртібі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Мұндай шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.