Учаскелік полицей - Дархан Амантурлин қоғамның қауіпсіздік қалқанына айналған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Учаскелік инспекторлардың жұмысы аса қауырт әрі тынымсыз. Халықпен етене жұмыс істейтін олар барлық құқық бұзушылықтың қасынан бірінші болып табылады. Тек тәртіпті қадағалап қана қоймай, кез келген уақытта тұрғындардың қауіпсіздік қалқаны болу – учаскелік инспектордың басты міндеті. Осындай жауапты қызметті атқарып жүрген полиция капитаны Дархан Амантурлин 6 жылдан бері қоғам тыныштығын қорғап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
Облыстық полиция департаментінен білгеніміздей, Дархан – Атырау қаласының тумасы. 2019 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын ішкі істер органдарында бастады. Бүгінде ол №13 учаскелік полиция пунктінің инспекторы ретінде өзіне сеніп тапсырылған аумақтың тәртібін қамтамасыз етуде. Қызметінің жауапкершілігі жоғары болғанымен, жаны қалаған жұмысын атқарып жүргеніне риза.
Дарханның жұмыс күні таңертең өзіне бекітілген әкімшілік аумақ – Жилгородок ықшам ауданын шолудан басталады. Бұл аймақта 2000-нан астам тұрғын бар. Жас полицейдің айтуынша, азаматтармен байланыс орнату, құқықбұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету – учаскелік инспектордың негізгі міндеттерінің бірі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әр адам заңға бағынуы және тәртіп ережелерін сақтауы қажет.
– Тұрғындар көбінесе отбасылық жанжалдар, түнгі уақытта тыныштықтың бұзылуы, қоғамдық орындардағы ұсақ бұзақылықтар және жеке мүлікке қатысты құқықбұзушылықтар жөнінде шағымданады. Демалыс күндері түнгі рейдтер ұйымдастырып, ойын-сауық орындары – кафелер мен түнгі клубтарды тексереміз. Қоғамдық тәртіпті сақтау, мас күйде бұзақылық жасамау, ұрлықтың алдын алу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз. Жұмыс күнім таңғы 08:30-дан кешкі 23:00-ге дейін созылады, – дейді полиция капитаны Дархан Амантурлин.
Дархан өз қызметіне адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде. Ол учаскелік инспектор ретінде тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың мәселелерін шешуге әрдайым дайын. Халықпен өзара сенім мен түсіністік қалыптастыру – бұл мамандықтың ең басты қағидаларының бірі. Қоғам қауіпсіздігі үшін атқарған еңбегі елеусіз қалмай, тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген Дархан Амантурлин – өз ісінің нағыз маманы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ