Атырау қаласында полиция қызметкерлері тұрғындарға eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Заң мен тәртіп» цифрлық сервисін пайдалану тәртібін түсіндіру бойынша ақпараттық іс-шара өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары қала аумағындағы қоғамдық орындарды аралап, тұрғындармен тікелей жүздесті. Азаматтарға қосымшаға кіру, «Заң мен тәртіп» сервисін таңдау және онлайн өтініш жолдау алгоритмі кезең-кезеңімен көрсетілді. Сонымен қатар құқықбұзушылық туралы хабарлама жолдау, өтінішті толтыру және жіберу тәртібі кеңінен түсіндірілді.
Аталған цифрлық сервис азаматтарға полицияға жүгіну процесін жеңілдетіп, үйден шықпай-ақ өтініш жолдауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, жыл басынан бері eGov Mobile қосымшасы арқылы полицияға 53 хабарлама келіп түскен.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.