Атырауда оң жақ рульді және шетелдік нөмірі бар автокөлік иелері жол полициясының ерекше назарында қалғанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Өңірде тексерістер күшейіп, көптеген таксистер жұмыссыз қалуда. Көбі үшін көлік - отбасын асыраудың жалғыз табыс көзі. Ал полиция көлік заңдастыру науқаны аяқталды, демек мұндай машиналар заң талаптарына сай емес деп отыр» дейді жүргізушілер.
Армения, Грузия, Қырғызстан нөмірлі көліктер облыс жолдарында жиі кездеседі. Бұл көліктердің иелері аудан мен қала арасында такси қызметін көрсетіп келген. Алайда соңғы күндері олар күн сайын патрульдердің тоқтатуына ұшырап, көбіне айыппұл арқалайды. Өйткені, оң жақ рульді көліктердің таксиде жүруіне мүлде тыйым салынған, бұл туралы ескертілген де.
Ал полиция жүргізушілерге бір ай бұрын соңғы ескерту жасалғанын айтады. Енді ешқандай жеңілдік қарастырылмайды. Шетелдік нөмірлі көліктер де, оң жақ рульді көліктер де заңсыз саналады.
- 2023 жылы автокөліктерді заңдастыру өтті. 1 қыркүйек 2022 жылға дейін әкелінген көліктер рәсімделді. Құны 215 мың теңге болды. Қазір оң жақ рульді көліктерді ресімдеу жүргізілмейді. Басқалары заңдастырылмайды, себебі әкеліну мерзімі сәйкес келмейді, - дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Жеңіс Даулетов.
Полицияның мәліметінше, өңірде шамамен 4 мыңға жуық оң жақ рульді көлік бар. Олардың такси ретінде жұмыс істеуіне заңмен тыйым салынған.