Атырауда мопедтің қатысуымен 24 жол апаты орын алды

Атырау облысында мопед иелерінің көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігінің болуын тексеруге бағытталған рейдтік шаралар жалғасуда. Бұл туралы Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов баспасөз мәслихатында мәлім етті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Спикердің сөзінше, мопедке қатысты заңнама талаптарын орындамаған 300-ге жуық жүргізуші, тіркелмеген көлік құралын басқарғаны үшін 60-тан астам адам, ал жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін 130-дай азамат жауапқа тартылған. Сонымен қатар 30 мопед иесінде сақтандыру полисі болмаса, 25 азаматтың көлігі техникалық байқаудан өтпеген.

– Мопедті тек жүргізуші куәлігімен, техникалық байқаудан өткен, сақтандыруы бар және мемлекеттік тіркеу нөмірі рәсімделген жағдайда ғана жүргізуге болады. Бұл талаптар мопедтерді механикалық көлік құралы ретінде заң жүзінде реттеу мақсатында енгізілді. Осы талаптарды бұзғандар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Ж.Дәулетов.

Биыл 5 сәуірден бастап мопедтерді тіркеу заң жүзінде міндетті саналады. Осы күннен кейін тіркелмеген немесе жүргізуші куәлігінсіз басқарылған мопедтер үшін айыппұл салынады. Нақтырақ айтқанда, жүргізуші куәлігі болмаса – 91 900 теңге, мемлекеттік тіркеу нөмірі болмаған жағдайда 18 380 теңге айыппұл төлеуі міндетті.

Айта кетейік, 2024 жылы өңірде мопед пен скутер айдаған жүргізушілерге байланысты 147 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, биыл жыл басынан бері 24 апат болған.