Атырауда «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды

3-5 наурыз аралығында республика көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған шара мал ұрлығының алдын алуға, осы қылмыс түріне қатысы бар адамдарды анықтап, ұстауға және оларды заң талаптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған.

Іс-шара барысында Атырау облысының Полиция департаменті қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқаруда. Полицейлер мал ұрлығы жиі тіркелетін аумақтарға, шаруа қожалықтары мен қыстақтарға, шалғай орналасқан елді мекендерге рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруда.

Сонымен қатар: тұрғындармен және шаруа қожалығы иелерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде; малды қараусыз қалдырмау, таңбалау және чиптеу мәселелері бойынша кеңестер берілуде; мал ұрлығын жасауы мүмкін тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы жедел ақпараттар жинақталуда; мал сою орындары, ет қабылдау бекеттері мен базарлар тексеріліп, тиісті құжаттарының заңдылығы қаралуда; автокөліктерге, әсіресе мал тасымалдауға бейімделген көліктерге бақылау күшейтілуде.

Мал ұрлығы – ауыл тұрғындарына айтарлықтай материалдық шығын келтіретін қылмыс түрі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Күдікті адамдар мен көліктер туралы, сондай-ақ мал ұрлығы фактілері бойынша дереу «102» арнасына хабарлауды сұраймыз.

Мал иелеріне малды қараусыз қалдырмау, арнайы қоршалған аумақта ұстау, сырға салу және таңбалау талаптарын сақтау ұсынылады. Бұл – қылмыстың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.

Фото: Амандық Сағынтайұлы