Атырауда еңбек заңнамасы қалай сақталуда?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Игілік Әубәкіров брифинг барысында өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде еңбек қатынастары саласында атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

⠀Оның сөзінше, жыл ішінде департаментке 3 549 адамнан өтініш түскен. Соның 3 060-ы заң аясында қаралып, тиісті шешімдер қабылданған.

– Мемлекеттік еңбек инспекциясы үшін басты басымдық – азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау. Барлық өтініштер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қаралып, әрбір мәселе жеке бақылауға алынды, – деді департамент басшысы.

Былтыр еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 333 тексеріс жүргізіліп, 353 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 201 жұмыс берушіге әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 38,8 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді жою үшін 225 нұсқама берілген.

Жыл қорытындысы бойынша облыс кәсіпорындарында 54 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 8 адам қайтыс болған.

– Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындаған. Осыған байланысты міндетті сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылуда, – деді И.Әубәкіров.

Қазір өңірде міндетті сақтандырумен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Бұл бағытта сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар еңбек тәуекелдер картасына облыс бойынша 3 062 кәсіпорын енгізілді. Оның ішінде 110 кәсіпорын жоғары тәуекел санатына жатқызылып, қабылданған шаралардың нәтижесінде 43 кәсіпорын бұл санаттан шығарылған. Негізгі мәселелер – жалақының кешіктірілуі және әлеуметтік төлемдердің уақытында жүргізілмеуі.

Жалақы берешектерін жою бойынша да нақты жұмыстар атқарылған. 2025 жылы 45 кәсіпорыннан 115 млн теңге жалақы қарызы өндіріліп, 184 жұмысшының құқығы қорғалды. Бүгінде облыста 11 кәсіпорын 90 қызметкерге 43,1 млн теңге жалақы қарыз.

Брифинг соңында спикер, электрондық еңбек шарттарын енгізу, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту және құқықтық түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.