Атырауда интернет-алаяқтыққа қарсы “Anti-Fraud Call Center” ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау қаласында интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында «Anti-Fraud Call Center» орталығы ашылды. Жоба облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевтың бастамасымен Полиция департаментінің киберқылмыстарға жедел әрекет ету бағыты аясында құрылды. Орталық «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс атқарады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыста интернет арқылы жасалатын құқықбұзушылықтар саны жыл басынан бері 19% өсті. Жаңа орталық азаматтарды қаскөйлердің айласына түсіп қалудан қорғап, осындай қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Бүгінге дейін мұнда 100-ге жуық қоңырау түсіп, киберқылмыстардың жолын кесу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
- Call-орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді. Қызметкерлер мониторинг барысында қылмыскердің қоңырау шалғанын анықтаса, дереу жәбірленушімен байланысып, ескерту және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін алаяқтық әрекеттің жолын кесу және күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер тиісті жедел іс-шараларды жүзеге асырады, - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Мамандар тұрғындарды белгісіз нөмірлерден келген қоңыраулар мен күмәнді сілтемелерге сенбеуге, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады. Күдік туындаған кезде бірден құқық қорғау органдарына немесе 109 қызметтік нөміріне хабарласу қажеттігі де ескертілді.