2025 жылы Қазақстанда есірткі айналымына қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 49 тоннаға жуық түрлі есірткі тәркіленді, - деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, есірткі қылмысына қарсы күрес алдын алу шараларына басымдық бере отырып, күшейтілген форматта жүргізіліп жатыр.
2025 жылы барлық құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар 4 мыңға жуық есірткі қылмысының жолын кескен. Оның ішінде 2 700-і – есірткі сату деректері. Жалпы тәркіленген есірткінің ішінде синтетикалық заттардың үлесі айтарлықтай артқан. Атап айтқанда, 1,5 тоннаға жуық синтетикалық есірткі алынған. Бұл шамамен 4,5 миллион бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол бермеді.
Сондай-ақ жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 128 есірткі зертханасы жойылған. Оның 28-і синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан.
Айта кетейік, аталған жұмыстар Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып келеді. Осы кезеңде есірткі құралдары мен прекурсорлардың тізімі жаңартылып, заңсыз есірткі сайттары мен құқыққа қарсы контентті бұғаттау жұмыстары күшейтілген.