Жылан шаққан бала жансақтау бөлімінде жатыр

Қостанайда отбасымен табиғат аясына демалуға шыққан 13 жастағы жасөспірімді жылан шағып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ата-анасы қыздың жарасын таңып, дәрі берген. Ал 24 шілде күні таңертең балалар облыстық ауруханасының жарақат бөліміне жүгінген.

Жылан баланың оң қолының саусағынан шаққан.

«Ол жерде некроз пайда болып, қолы мен оң жақ кеуде тұсы толық ісініп кеткен. Осыған байланысты шынтағын бүге алмаған», - деп түсіндірді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Ержанов.

Бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Бірден жыланның уына қарсы сарысу, гангренаға қарсы сарысу егілді, сондай-ақ бактерияға қарсы және уыттылыққа қарсы терапия жүргізілді.

«Қыздың жағдайы ауыр, тұрақты. Ісік басылып келеді. Қозғалыс динамикасы толық қалпына келді. Біз оң динамика болады деп үміттенеміз. Қыз бала әлі жансақтау бөлімінде және қарқынды терапия алып жатыр», - деді Н.Ержанов.

Өңірде жылан шағу жағдайлары сирек кездеседі, деп атап өтті травматология пунктінен.