Жылдың ең маңызды әрі ауқымды әлемдік спорттық шарасы – V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 50 күн қалды.
Көшпелілер мәдениетінің бірегей мерекесі саналған әлемдік оқиға дәстүр мен заманауи жетістіктерді насихаттау мақсатында әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар мен көрермендердің басын біріктіреді. Әлемдік спорт шарасына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп күтілуде, делінген Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайтында.
Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазіргі таңда ойындарға дайындық қызу жүріп жатыр.
Бүгінде қазақ күресі, Алыш (қырғыз күресі), Көрәш (татар күресі), Дәстүрлі Садақ Ату, Асық Ату, Ордо, Таяқ тарту, Күрәш (өзбек күресі), Арқан тартыс, Ашыртмалы Аба Гүреші (түрік күресі) жарыстарына билеттер сатылымға шығарылды. Ашылу рәсімі мен Көкпар, Көк Бөрі, Бәйге, Жамбы Ату, Теңге Ілу, Аударыспақ, Құсбегілік, Алыптар сайысы сынды жарыстарға билеттер тамыз айының басында сатылымға шығады. Әсіресе дәстүрлі садақ ату мен асық ату жарыстарына сұраныс көп.
Ойынның маңызды бөлігінің бірі - "Бірлік керуені" мәдени бағдарламасы. Бұл бірегей жоба көшпелі халықтардың мәдени байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуге бағытталған.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстанның ұлттық құрамасы соңғы дайындық-жаттығу жиындарын өткізуде.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (ДКО) этникалық спорт түрлері бойынша өткізілетін ең ірі халықаралық спорт жарыстары болып табылады. Жарыстар Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. ДКО адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.