Үй жануарларын ұстаудың жаңа ережесі бекітілмек

 Үй жануарларын ұстау және серуендетудің жаңа ережесін бекіту ұсынылды. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа редакцияға сәйкес, бұрын болмаған мына ережелер енгізіледі:

- Вакцинацияланбаған және зарарсыздандырылмаған малды ұстауға жол берілмейді;

- Кіреберістерді, баспалдақ торларын, лифтілерді, сондай-ақ ойын алаңдарын, жолдарды, тротуарларды үй жануарларының нәжісімен ластауға тыйым салынады. Үй жануарларының иесі нәжісті дереу тазалауға міндетті;

- Әкімшіліктің келісімі бойынша қонақ үйге итпен немесе мысықпен қоныстануға рұқсат етіледі;

- Үй жануарларын ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Ол жануардың түрі мен тамақтану, серуендеу және қарым-қатынас қажеттіліктеріне байланысты анықталады;

- Бақылаусыз қалған ересек иттер үшін шекті мерзім 12 сағаттан, мысықтар үшін 48 сағаттан аспауы тиіс;

- Бақылаусыз қалған марғаулар мен күшіктер үшін уақыт олардың жасына және тамақтандыру мен күтімнің физиологиялық қажеттіліктеріне, сондай-ақ емізетін мысықтар мен иттердің болуына байланысты анықталады;

- Қарау мүмкін болмаған жағдайда жануардың иесі немесе жауапты тұлға оны уақытша ұстауға үшінші тұлғаларға береді, зоологиялық қонақ үйге орналастырады;

- Ит иесі үй жануарларына бос жүру дағдыларын үйретеді, агрессияның көріністерін бақылайды, итті негізгі командаларға үйретеді;

- Адамдарды немесе жануарларды тістесе және агрессия адамның немесе жануардың іс-әрекетінен туындаған болса, ветеринариялық емдеу ұйымының немесе осы аумаққа қызмет көрсететін ветеринариялық дәрігердің рұқсаты бойынша иесі жануарды күнтізбелік 10 күн ішінде оқшауланған үй-жайда ұстау туралы жазбаша нұқаулық береді;

- Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға тиесілі иттер ветеринарлық клиникаларда немесе ветеринарлық мекемелерде тұқымына қарамастан 3 айдан бастап құтыру мен басқа ауруларға қарсы міндетті тіркеуге, өңдеуге және вакцинациялауға жатады. Жаңадан сатып алынған жануарлар жануардың жеке тіркеу нөмірін ала отырып, 2 апта мерзімде тіркелуге тиіс;

- Тасымалдау ережелерін сақтай отырып, жануарларды жер үсті көлігінің барлық түрлерімен тасымалдауға рұқсат етіледі;

- Иттер мен мысықтарды азық-түлікке тұтыну, осы жануарлардан сою немесе мертігу немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру жолымен өнімдер мен шикізат алу үшін өсіруге, күтіп-бағуға, пайдалануға, сондай-ақ осындай өнімді өткізуге тыйым салынады;

- Жануардың иесі оны биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ұстауға, жануарға қамқорлықпен қарауға, оны тамақсыз және сусыз қалдырмауға, жануарға қатыгездікке жол бермеуге және ауырған жағдайда уақытында ветеринариялық көмекке жүгінуге міндетті;

- Иттер мен мысықтарды бақылаусыз асырауға жол берілмейді. Иттің, мысықтың иесі кинологиялық және фелинологиялық ұйымдарда тиісті тіркеуі бар немесе жануардың денсаулығына қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, оларды кастрациялау/зарарсыздандыру арқылы үй иттері мен мысықтарында қажетсіз ұрпақтардың пайда болуын болдырмау үшін шаралар қабылдауға міндетті;

- Иттің сатып алынғаны, жоғалғаны немесе өлгені туралы иесі тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған ұйымдарға, ветеринариялық мекемелерге үш тәулік ішінде хабарлайды;

- Жануардың өлексесі ҚР ветеринариялық нормаларына сәйкес кремациялау, кәдеге жарату немесе көму үшін 1 тәулік ішінде ветеринариялық мекемеге тапсырылады;

- Жануардың өлексесін лақтыруға тыйым салынады.

Аталған ережелер қамтылған бұйрық жобасы 6 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.

Фото AtyrauPress