Су тасқыны, орман өрттері, санавиация – ТЖМ ұшақтары қандай құтқару жұмыстарын жүргізді

Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар министрлігінің авиация қызметі 6 170 сағат ұшып, 2 537 рет құтқару жұмыстарына қатысқан. Бұл туралы министрліктің қорытындысында айтылды, деп хабарлайды kaz.inform.kz.

«Қазавиақұтқару» АҚ авиациясы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиімді және маңызды екенін дәлелдеп келеді. Компанияның әуе кемелері құтқару жұмыстарында, табиғи апаттардың салдарын жоюда, гуманитарлық жүктерді тасымалдауда және санитарлық көмек көрсетуде шешуші рөл атқарды.

Жыл басынан бері «Қазавиақұтқару» 6 170 сағат ұшып, 2 537 рет құтқару жұмыстарына қатысқан. Оның ішінде 1 155 ұшу іздеу-құтқару операцияларын, өрттерді сөндіруді, қауіпті аумақтарды тексеруді және адамдарды эвакуациялауды қоса алғанда, ТЖМ міндеттерін орындауға бағытталды. 

ҚР ТЖМ жеті экипажы Қазақстанның су тасқыны қаупі бар өңірлерінен адамдарды құтқаруға белсенді қатысты. Олар 2 мыңнан астам адамды, оның ішінде 425 баланы эвакуациялады және зардап шеккен аудандарға 30-дан астам тонна гуманитарлық жүк жеткізді. Жағдайды тиімді бақылау үшін 27 аэровизуалды тексеру жүргізілді, бұл қауіпті учаскелерді уақтылы анықтауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Абай сияқты Қазақстан өңірлеріндегі су тасқыны салдарын жоюға ерекше назар аударылды.

– 2024 жылы ТЖМ тікұшақтары ірі орман және дала өрттерін сөндіруге белсене қатысты, өрт ошақтарына жалпы көлемі 390 тонна 130 рет су төгілді. Павлодар және Қарағанды облыстарының шекарасында авиацияның көмегімен 10 мың гектар алқаптағы өрт сөндірілді. Бұл Airbus Helicopters тікұшақтарында Bambi Bucket су төгетін құрылғыларды пайдалану арқылы мүмкін болды. ТЖМ тікұшақтары су айдындары мен жергілікті су көздерін пайдаланып, 29 рет су төкті, бұл өртті сөндіру процесін айтарлықтай жеделдетті, - дейді министрлік. 

Санитарлық авиация да 2024 жылы өзінің тиімділігін көрсетті. ТЖМ тікұшақтары зардап шеккендерді эвакуациялау және науқастарды ауруханаға жатқызу үшін пайдаланылды. Алматы облысындағы Түрген шатқалынан омыртқа жарақаты бар туристі эвакуациялау – көрнекі мысалдардың бірі. Жалпы алғанда бір жылда санитарлық авиация 395 рет ұшып, түрлі жарақаты мен ауруы бар 356 науқасты тасымалдады. 

Биыл ТЖМ авиацияны қолданып, биік ғимараттардағы өрттерді сөндіру бойынша бірегей жаттығулар өткізді, бұл ТЖМ авиациясының күрделі урбанизацияланған жағдайларда міндеттерді шешуге дайындығы мен қабілеті жоғары екенін көрсетеді. 

Сонымен бірге, ұйымның әуе паркі де жаңартылды. Жыл соңында «Қазавиақұтқару» АҚ әуе паркіне жаңа H145 D3 тікұшағы келіп түсті. Оған қоса, Чехияда жақында пайдалануға берілетін жаңа l 410NG ұшақтарын пайдалану үшін ұшқыштарды даярлау курстары өткізіледі.

Қазіргі уақытта «Қазавиақұтқару» АҚ әуе паркінде 35 тікұшақ бар. 2020-2029 жылдарға 26 ұшақ пен 32 тікұшақты қоса алғанда, 58 әуе кемесін сатып алу көзделген, бұл ТЖМ авиациясын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. 2 реактивті ұшақ, аймақаралық тасымалдауға арналған 4 ұшақ және аймақтық рейстерге арналған 20 ұшақ алу жоспарлануда.

Фото: ҚР ТЖМ