Смайылов қызылша ауруына қатысты мәлімдеме жасады

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қызылшамен сырқаттанушылықтың күрт өсуі күн тәртібінен тыс қаралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Премьер-министр елімізде аурудың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату керектігін атап өтті.

"Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулықтарына аса қауіп төндіреді. Сондықтан, онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып, күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы вакцина алудан басқа, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес екенін атап өтті және тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды.

"Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакцина алудың қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Барлық әкімдер вакциналау мәселесін жеке бақылауда ұстап, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмысты үйлестіруі қажет", - деді премьер-министр.

Фото:gov.kz