Мейрамда екі мың литр наурыз көже таратылды

Шымкентте наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігіліп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Думанды мерекеге келген қонақтар арнайы әзірленген наурыз көжеден дәм татты. Этноауылда 2 тонна көже пісіріліп, қонақтарға таратылды.

«Біз Наурыз мерекесін тойлау үшін Шымкентке арнайы келдік. Шымкенттің адамдары да ауа райы секілді жылы екен. Бүгінгі ипподромдағы мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жыл сайын наурызды осында тойлауды жоспарлап отырмыз», - дейді Петропавл облысынан келген қонақ Фатима Қадірова.

Сондай-ақ, қазақтың ұлттық ойындарынан көкпар, теңге ілу, аламан бәйге, қазақ күресі және садақ ату сайыстары өтті. Ұлттық спорттан бәсеке қызып, алтыбақанда тербелген жастар ән салды.

Наурыз мерекесі аясында бармағынан бал тамған аспаздар да сынға түсті. «ДәмДәсTour» фестивалі аясында қалаға танымал 50-ге жуық тамақтану орны — мейрамхана, кофехана, самсаханалар, фаст-фуд, балмұздақ, шайханалар қатысып, өздерінің авторлық мәзірлерін ұсынды. Екі күн бойы сайысқа түскен аспаздар «Наурызкөже», «Кәуап», «Палау» және «Самса» номинациялары бойынша үздіктерді анықтады. Сондай-ақ, келген қонақтарға қаламызда дәстүрге айналған «Шымкент шәйі» таратылды.