ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында көлік және азаматтық авиация саласына қатысты екі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында белгілі болды. Қаралған құжаттар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, шекаралық өткізу мүмкіндіктерін арттыруға және әуе қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Алғашқы заң жобасы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге енгізілген хаттаманы ратификациялауға қатысты. Аталған хаттама «Кеген–Қарқыра» автомобиль өткізу пунктінің жұмыс режимін жарық уақыттан тәулік бойы қызмет көрсету тәртібіне ауыстыруды көздейді. Бұл шешім шекарадағы өткізу қабілетін арттырып, туризмнің дамуына серпін бермек. 2025 жылы екі ел арасындағы шекарадан 11 миллион адам мен 3 миллион көлік өткен.
Екінші заң жобасы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 (а) және 56-баптарына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаларды ратификациялауға бағытталған. Өзгерістерге сәйкес, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) кеңесінің құрамына мүше мемлекеттер саны 36-дан 40-қа дейін ұлғаяды. Сондай-ақ Аэронавигациялық комиссия мүшелерінің саны 19-дан 21-ге дейін көбейеді.
ИКАО Кеңесі халықаралық авиациялық стандарттарды бекітумен, ұйым қызметін басқарумен және мемлекеттер арасындағы дауларды шешумен айналысады. Ал Аэронавигациялық комиссия ұшу қауіпсіздігі мен әуе қозғалысын ұйымдастыру мәселелерін қарайтын техникалық орган болып табылады. Қазіргі таңда аталған хаттамаларды әлемнің 120 мемлекеті ратификациялаған.
Айта кетейік, бұл заң жобаларының қабылдануы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға, шекаралық инфрақұрылымды дамытуға және азаматтық авиация саласындағы халықаралық ықпалдастығын күшейтуге мүмкіндік береді.