Үш күнде жалған нөмір таққан 3 мың жүргізуші ұсталды

Елде үш күн ішінде көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан үш мыңға жуық жүргізуші анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы 24KZ телеарнасы мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес, республикалық маңызы бар автожолдарда көлік прокурорлары, полиция қызметкерлері және «ҚазАвтоЖол»  мамандары бірлесіп жедел алдын алу іс-шарасын жүргізіп жатыр.
Мұндай шараларды өткізуге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарын заңсыз пайдаланудың алдын алу қажеттілігі себеп болған. Соңғы уақытта жалған, жасырылған немесе оқылмайтын мемлекеттік нөмірлермен жүретін көліктердің көбейгені байқалған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, жалған нөмірлер жол-көлік оқиғаларын тергеуге, көлікті сәйкестендіруге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға айтарлықтай кедергі келтіреді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау күшейтіліп отыр.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жалған немесе талапқа сай емес мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдалану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мамандар жүргізушілерді жолға шығар алдында көліктің мемлекеттік нөмірінің тазалығын, оқылымдылығын және дұрыс бекітілгенін міндетті түрде тексеруге шақырады.