Сарбаздарды сапасыз тамақтандырған 4 мекемені Қорғаныс министрлігі сотқа берді

Былтыр әскерилерге тамақ жеткізетін 4 ұйым 11 млн теңге айыппұл төлеген. Қорғаныс министрлігі БАҚ-та тараған сыни мақалаға түсініктемесінде осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Министрлік мамандары әскерилерге тамақтандыру қызметін көрсететін мекемелердің жұмысы жіті қадағаланып отыратынын айтып отыр.

«Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтерінің мамандары тамақтануды ұйымдастыруды бақылау саласындағы уәкілетті орган болып отыр. Осы орган өкілдері былтыр 300-ден астам тексеру жүргізіп, тамақтануды ұйымдастырушы 4 мекеменің үстінен сотқа талап арыз берді. Сот шешімдері бойынша мемлекет кірісіне 11 млн теңгеден астам соманың айыппұлы өндірілді.

Шарттық міндеттемелерді жосықсыз орындау фактілері, әскери қызметшілер мен олардың аналары тарапынан шағымдар анықталған жағдайда Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары тиісті шараларды уақтылы қабылдайды және талап-арыз жұмыстарын жүргізеді. Жеткізушілер тарапынан бұзушылықтың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмайды. Тамақ сапасын бақылау жұмыстары жүргізілмейтіні туралы мәлімет шындыққа сәйкеспейді», - деп жазылған ресми хабарламада.

Ұсынылған мәліметке сәйкес, тамақтандыру ұйымдастыру мекемелерімен келісімшарт үш жыл мерзіміне жасалады.

«Бұл жеке құрамның тамақтануын ұйымдастырып, тамақтану объектілерін күтіп-ұстауға қаржы салуға, кәсіби аспаздарды тарту жұмыстарын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді. Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша үш жылдық шарттар жасасу практикасы Қазақстан Республикасында ғана енігізілген жаңалық емес. Басқа да әскери құралымдарда кеңінен қолданылады», - делінген министрлік түсіндірмесінде.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды