ОРК Төрағасы Алматы өңіріндегі референдумға дайындықты тексерді

3–4 наурыз күндері Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға дайындық аясында Алматы қаласы мен Алматы облысына инспекциялық сапар жасады.

Жұмыс сапарына ОРК хатшысы Шавхат Өтемісов, комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.

Сапар барысында Нұрлан Әбдіров Алматы қаласындағы №254, №378 учаскелері мен Қонаев қаласындағы №946, №947, №949 референдум учаскелерінің дауыс беруге дайындығын тексерді. Сонымен қатар учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі бағаланды.

Референдум учаскелеріндегі ақпараттық стендтерде комиссиялардың құрамы, жоғары тұрған комиссиялардың, сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының байланыс деректері, сондай-ақ дауыс беру бюллетенінің үлгісі, жаңа Конституция жобасының мәтіні және дауыс беру тәртібі туралы мәліметтер орналастырылған.

Азаматтарға қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Мүгедектігі бар адамдар үшін Брайль қарпімен жазылған трафареттер, арба пайдаланатын азаматтарға бейімделген құпия дауыс беру кабиналары, сондай-ақ компьютер, үлкейткіш әйнек және қосымша жарықтандырумен жабдықталған арнайы бұрыштар қарастырылған.

Бұдан бөлек, референдумға дайындық аясында ақпараттандырудың кеңейтілген форматы енгізілген. Әрбір учаскеде жаңа Конституция жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтінімен қатар оның аудио нұсқасы да қолжетімді.

Заңнамаға сәйкес, дауыс беру күні өз учаскесінде дауыс бере алмайтын, уақытша басқа жерде болатын азаматтар үшін есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта азаматтарды республикалық референдумның өту барысы туралы кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты ОРК төрағасы учаскелік комиссияларға QR коды бар дербес шақыру қағаздарын әрбір дауыс берушіге жеткізу жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Учаскелерді аралау қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров басты міндет – азаматтардың өз дауысын еркін әрі кедергісіз беруіне барлық жағдай жасау екенін атап өтті.

Сапар аясында Алматы қаласы мен Қонаев қаласында ведомствоаралық үйлестіру мәселелеріне арналған жиын өтті. Кеңеске жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері республикалық референдумға қатысушылар тізімін өзектендіру жұмыстары аяқталғанын және учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы туралы баяндады. Ал құқық қорғау органдары азаматтардың электоралды құқықтарын қорғау, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.

Сапар барысында аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының басшыларына арналған семинар ұйымдастырылды. Оқыту процесі бастапқы тестілеуден басталып, оның нәтижесіне сәйкес дайындық бағдарламасы түзілді.

Бағдарламада референдум өткізудің құқықтық негіздері, дауыс беру күні әрекет ету алгоритмі, құжаттарды рәсімдеу тәртібі, сондай-ақ байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара әрекеттесу мәселелері қарастырылды. Семинар барысында практикалық кейстер талқыланып, нақты жағдайларға арналған әдістемелік ұсынымдар берілді.

Оқыту қорытынды тестілеумен аяқталды. Мұндай дайындық моделі аудандар мен қалаларда каскадтық әдіспен жүзеге асырылып, барлық деңгейдегі комиссиялардың кәсіби дайындық стандарттарын біріздендіруге бағытталған.