Олжас Бектенов ауылдағы медицина объектілерінің құрылысын сынға алды

 Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауылдық жерлерде пайдалануға берілуі тиіс денсаулық сақтау объектілері құрылысының баяулығын сынға алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшіс Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын айтты. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өткен жылы 309 денсаулық сақтау объектісін салу жоспарланған еді. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында. 

Премьер-Министрдің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. 

«Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан, ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды. Мұның бәрі жоспардың өзгеруіне әкеп соқты», - дейді ол. 

Сондай-ақ, Олжас Бектенов құрылысы өткен жылы бітуі тиіс 99 денсаулық сақтау объектісінің уақытылы тапсырылмағанын тілге тиек етті. 

«Әлі күнге дейін 7 объекті аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді, бұл жұмыс та аяқсыз қалды», - дейді Үкімет басшысы.