Наурыздан бастап қандай өзгерістер болады?

Қазақстанда көктемнің алғашқы күнінен бастап бірқатар мемлекеттік салаларда өзгерістер орын алады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Stan.kz ақпарат агенттігі 2024 жылдың 1 наурызынан бастап қандай жаңашылдықтар болатынын шолып шықты.

Салық саласындағы өзгеріс

2024 жылғы 1 наурыздан бастап 2025 жылғы 1 наурызға дейін Салық кодексіне өзгерістер енгізудің ерекше тәртібі белгіленеді.

Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін, әсіресе жаңа салықтарды немесе төлемдерді енгізуге, қолданыстағы ставкаларды арттыруға, салық салу объектілерін өзгертуге, салық төлеушілер тізбесін кеңейтуге, қолданыстағы салық шегерімдерін немесе жеңілдіктерін жоюға немесе қысқартуға қатысты заң жобалары биылғы жылдың 1 шілдесінен кешіктірілмей қабылдануы тиіс. 

Алайда, бұл ереже бағалы қағаздардан, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысқа салық салуға қатысты өзгерістерге қолданылмайтынын атап өткен жөн.

Бұл өнімдерге әртүрлі жабдықтар, ауылшаруашылық машиналары, жүк көліктері, тікұшақтар мен ұшақтар, теміржол локомотивтері мен вагондары, теңіз кемелері, қосалқы бөлшектер, асыл тұқымды малдар мен қолдан ұрықтандыруға арналған құрал-жабдықтар, ірі қара мал жатады.

"Отау" бағдарламасы басталады

"Отау" бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында іске қосылды. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысу туралы өтініш жолдай алады. Өтініш беру уақыты маңызды емес.

"Отау" бағдарламасына кімдер қатыса алады?

1. Отбасы банк салымшылары ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы), оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады;

2. Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек;

3. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауы тиіс;

4. Қатысушы жасы 18-ден 63 жасқа дейін (қоса алғанда);

5. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы керек;

6. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда аталмыш қалаларда тұрақты тіркеу болуы қажет.

Вакцинация

Қазақстандықтар үшін міндетті профилактикалық екпелердің де тізбесі жаңартылды.

Республикалық бюджет қаражаты есебiнен екпе егiлген адамның екпе салдыруға келiсiмiн алғаннан кейiн мынадай жұқпалы ауруларға қарсы мiндеттi профилактикалық вакциналар жүргiзiледi:

жоспарлы профилактикалық егулер: адам папилломавирусынан туындаған ауру;

Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егулер: коронавирус инфекциясы.

Жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен екпе егiлген адамның хабардар етiлген келiсiмiн алғаннан кейiн жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы мiндеттi профилактикалық егулер (вакциналар мен басқа да иммунобиологиялық препараттарды беру) жүргiзiледi.

Құжаттар жаңа ережелер бойынша беріледі

Жеке басты куәландыратын құжаттарды беруге қатысты ережелерге өзгерістер енгізілді. Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасының азаматы өзінің жеке басын растайтын құжатты алуға жүгінген кезде тиісті мемлекеттік органның қызметкерлері дактилоскопиялық процедураны жүргізеді.

Қазақстан азаматтары үшін бұл рәсім олардың жеке келісімімен жүзеге асырылады. Алайда, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін саусақ ізін тіркеу – міндетті шарт.

Паспортты, жеке куәлікті дайындау немесе тұруға ықтиярхат алу үшін мемлекеттік бажды төлеу үшін  банктердегі бақылау-кассалық машиналарды пайдалануға болады немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы интернеттің көмегімен төлем жасауға мүмкіндік бар.

Ал егер қандай да бір себептермен тұлға мемлекеттік баж төлеуден босатылса және ақпараттық жүйеде ол туралы ақпарат болмаса, одан оның жәрдемақы алуға құқығын растайтын құжат талап етіледі.

Балаларды қорғау туралы ереже

Балалар үйлерінің қызметіне қойылатын талаптар бекітілді. Денсаулық сақтау министрлігі жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, туғаннан 3 жасқа дейінгі балаларға, туғаннан 4 жасқа дейінгі психикалық және дене дамуы бұзылған балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережені бекітті.

Ұйымның негізгі мақсаты – балаларға білім беру, оларға техникалық қызмет көрсету және медициналық көмек көрсету.

Ұйымдарда тәулік бойы бейнебақылау орнатылады. Білім министрлігі патронаттық тәрбие және жетім балаларды патронаттық отбасыларға орналастыру мәселелері бойынша бірқатар бұйрықтарға өзгерістер енгізді.

Патронаттық тәрбие туралы ережеде патронаттық тәрбиешінің қызметі үшін төлем мөлшері айына 35 АЕК (129 220 теңге) құрайтыны нақтыланған. Бұрын бұл сома әлеуметтік аударымдарды есептеу арқылы төленетін.

Осындай түзетулер патронаттық отбасылар туралы ережеге де енгізілді. Білім беру ұйымдары көрсететін білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандарты өзгертілді.

Оқушылар каникулға шығады

Оқушылардың 11 күндік көктемгі каникулы 2024 жылдың 21 наурызында басталып, 31 наурызға (қоса алғанда) дейін жалғасады.

Айта кетейік, жыл сайын бірінші сынып оқушылары үшін үшінші тоқсанда қосымша демалыстар беріледі, ұзақтығы 7 күн – 2024 жылдың 5 ақпанынан 11 ақпанға (қоса алғанда) дейінгі уақытты қамтиды. Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ 25 мамырда қорытынды шығарылып, оқу жылы аяқталады.

Блогерлер мен жарнамаға қатысты өзгеріс

2 наурыздан бастап блогерлер жариялаған жарнамалық материалдарды нақты белгілеуді талап ететін жаңа ережелер енгізілді. Бұл коммерциялық келісім немесе келісімшарт бойынша блогерлер жариялаған барлық онлайн жарнамаларға қатысты.

Коммерциялық немесе шарттық негізде ықпал етушілер (блогерлер) орналастыратын онлайн-жарнама таңбалауға жатады, оның ішінде:

- ықпал етуші (блогер) жарнама берушінің немесе жарнама таратушының қатысушысы немесе акционері;

- ықпал етуші (блогер) жарнамаланатын тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді пайдаланудың ерекше шарттарын алады;

- мазмұнда тауарларға, жұмыстарға немесе қызметтерге жеңілдіктер және (немесе) бағасы төмендетілген сілтемелер, сондай-ақ интернет-ресурстарға, жарнама берушіге немесе онлайн платформалардағы жарнама дистрибьюторларының есептік жазбаларына сілтемелер болады.

Таңбалауда орналастырылған материалдың жарнама екенін көрсететін мәтіндік нұсқау болуы керек.

Дегенмен, ерекше жағдайлар да бар. Мысалы, лездік хабар алмасу қызметтері арқылы таратылатын онлайн-жарнамаға таңбалаудың қажеті жоқ. Сол сияқты, теле-, радиобағдарламаларда немесе олардың бөліктерінде орналастырылған, интернет желісіндегі телерадиокомпаниялардың шоттарында бар жарнамалар, сондай-ақ әлеуметтік жарнамалар таңбаланбайды.

Интернеттегі платформалардағы мақсатты онлайн жарнамаға келетін болсақ, олар платформалардың техникалық мүмкіндіктерінің арқасында автоматты түрде белгіленуі керек.

Жүк көліктеріне шектеу қойылады

1 наурыздан бастап Қазақстанның сегіз өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді.

Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарының қозғалысын уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ережелер 8 облыстағы трассаларда қолданылады.

Атап айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары "Бесінші жол-климаттық аймаққа" кіреді. Аталған уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін қолданылады.

Терроризмге қарсы күрес

Объектілерді лаңкестікке осал санатқа жатқызу ережелері мен критерийлері "қорғалатын объектілер" түсінігі енгізілді.

Енді күзетілетін объектілер деп – күзетілетін адамдардың тұруына арналған ғимараттар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қорғайтын басқа да ғимараттар сондай-ақ оған іргелес аумақ пен акватория жатады.

Осындай өзгерістер мемлекеттік материалдық резервтерді қалыптастыру және сақтау саласында қызмет ететін объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа да енгізілді.

Фото: ашық дереккөз