Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты ұсыныстармен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық және парламенттік реформаларға байланысты әзірленіп жатқан ұсыныстарды қарады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Ақорданың ресми баспасөз қызметі мәлімдеді. Ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен кезекті жұмыс кеңесін өткізген.

Кездесу барысында Ерлан Қарин 9 қаңтарда өткен Жұмыс тобының отырысында болашақ бір палаталы Парламенттің мәртебесі, өкілеттігі мен функциялары бойынша бірқатар тәсілдер әзірленгенін жеткізді. Сондай-ақ Парламенттің атқарушы және басқа да билік тармақтарымен өзара іс-қимылы талқыланған.

Ал Ержан Жиенбаев Мемлекет басшысын конституциялық реформаға қатысты Жұмыс тобы мүшелері мен қоғам тарапынан келіп түскен жаңа ұсыныстармен таныстырды. Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру маңызды екенін атап өтті.

Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және билік институттарының тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, реформалар бойынша түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатыны айтылды.

Айта кетейік, кеңес барысында Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі де қаралды. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысын 20 қаңтарға белгіледі. Осы уақытқа дейін дайындық жұмыстары жүргізіледі.