«Махамбет – қазақтың дауылпаз жырауы»

Осындай атпен Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай Фараби кітапханасында әдеби-сазды кеш өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Шараның ұйымдастырушы және модераторы – ҚазҰУ, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникациялар кафедрасының ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Еуразия Телевидение және Радио академиясының академигі Мәншүк Мұқашева.

Кешті «Зейнолла Қабдолов және Махамбет тұлғасы» кіріспе сөзімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық  «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы ашты. Өзінің «Махамбет шығармашылығындағы экзистенциялық сарын» атты  ғылыми тұжырымдамасымен философия ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақ философиясы» Ғылым және білім орталығының директоры Нұрышева Гүлжиhан Жұмабайқызы бөлісті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «8DҚазақ тілі мен әдебиет» білім беру бағдарламасы докторанты Атаханова Нұрасила Амангелдіқызы «Махамбет мұралары - білім мен патриотизмнің ажырамас ұғымы» атты тақырыпты тарқатты.

Шараға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория және Т.Жүргенов атындағы ұлттық академияның профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Айгүл Қосанова шәкірттерімен қатысып, Махамбет Өтемісұлының «Ей Махамбет жолдасым», «Ереулі атқа ер салмай», «Мен, мен едім», «Нарында», «Соғыс» шығармаларын орындаса, журналистика факультетінің студенттерімен докторанттары «Исатайдың Махамбетке жазған хаты», «Ереулі атқа ер салмай», «Аймақ» өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Махамбет Өтемісұлының шығармаларынан кітар көрмесі ұсынылып, видеоматериал көрсетілді. Кітапхана директоры Арекешева Жадыра қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етті.