Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18%-ға дейін, ±1 пайыздық пункт дәлізімен көтерді. Бұл шешім тамыз айындағы 12,2%-дан кейін қыркүйекте инфляцияның 12,9%-ға дейін жеделдеуімен және реттеушінің болжамынан асып кетуімен байланысты.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов шешім қабылдауда басты назар халықтың әл-ауқатын арттыруға аударылатынын атап өтті.
– Бізден базалық мөлшерлеменің өсуі несиелерге, банктерге қалай әсер етеді деп сұрағанда, ең бастысы – халықтың әл-ауқаты мен нақты табыстарының өсуі екенін айтамыз. Қазақстандықтардың қалтасында көбірек ақша қалып, инфляция олардың табысын «жеп қоймауы» маңызды. Біздің басты құралымыз – базалық мөлшерлеме, сондықтан біз батыл қадамдарға барып отырмыз, және бұл оңай шешім емес. Біз макроэкономикалық және халықтың әл-ауқаты тұрғысынан қараймыз. Инфляция – халық табысының жауы, оны жеңуіміз керек, – деді ол.
Бұл қазақстандықтарға қалай әсер етеді?
Депозит иелеріне: Енді теңгеде жинақтау тиімді болмақ. Банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтереді, сонда біздің жинақтарымыз құнын жоғалтпай, баға өсімінен жылдамырақ көбейеді.
Теңге бағамы үшін: Бұл теңгені нығайтады. Мөлшерлеме жоғары болғанда, ұлттық валюта тартымдырақ болады және айырбас бағамы тұрақтанады. Доллармен жұмыс істейтіндер үшін бұл – жақсы жаңалық.
Баға өсіміне қарсы: Негізгі мақсат – бағаның өсуін тежеу. Иә, несиелер қымбаттайды, бірақ бұл адамдарды аздау шығындануға итермелейді, нәтижесінде дүкендердегі бағалар баяу өсетін болады.
Несиелер туралы: Банктер енді бәріне бірдей несие бере бермейді. Қарызды қайтара алатын клиенттер мұқият тексеріледі. Бұл қаржы жүйесі үшін тәуекелдерді азайтады.
Бизнес үшін: Кәсіпкерлік үшін теңге бағамының тұрақтылығы ең маңыздысы. Иә, несиелер қымбат, бірақ енді кәсіпкерлер ертең доллар өсіп кетеді деп қорықпай, сатып алулар мен бағаларды сенімді жоспарлай алады.
Тұрғын үй нарығы үшін: Бұл тұрғын үй нарығын салқындатуы мүмкін. Ипотеканың қымбаттауы сұранысты азайтады, соның нәтижесінде пәтер бағасының өсуі тоқтауы ықтимал.
Болашаққа көзқарас: Бұл алдын ала жасалған қадам. Қазір қатаң шаралар қабылдап, инфляцияны төмендеткен дұрыс, әйтпесе ол болашақта экономиканы әлсіретеді.
Жинақ пен шығындар туралы: Бұл қаржы ережелерін өзгертеді. Енді ақшаны тез жұмсаудан гөрі, депозитке салып сақтау әлдеқайда тиімді, себебі инфляциядан қорғануға мүмкіндік бар.
Фото: pixabay