Қазақстандықтардың алименті 18 млрд теңгеге жуықтады

Қазақстанда 221 884 адам балаларына жалпы сомасы 18 млрд теңгеге жуық алимент төлеуге міндеттелген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан әлеуметтік даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығы алимент бойынша борышкерлердің жалпы саны 221 884 адамды құрайтынын жеткізді. Оның ішінде кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндеттілер саны 215 587 адам.

“Оның ішінде берешекті анықтау қаулысы бар қарыз 17 млрд 455 млн теңгені құрады", – делінген хабарламада.

Институт неке бұзылған немесе қарым-қатынас үзілген жағдайда серіктестер алимент мөлшерін және оны төлеу тәртібі жасалған заңды келісімдер, неке шарты немесе медиация аясында келісе алатынын баса айтты.

"Егер тараптар келісімге келмесе, заң бойынша бір бала ата-анасының жалақысының немесе өзге де табысының 25 пайызын немесе төрттен бірін, екі балаға шамамен 33,3 пайызын немесе үштен бірін, үш және одан да көп балаға 50 пайызы немесе жартысын алуға құқылы”, –  делінген хабарламада.

Алимент табыстың барлық түрінен, оның ішінде қосымша төлемдер мен жәрдемақылардың барлық түрлерінен, сыйлықақылар, авторлық сыйақылар, шәкіртақылар және басқа да төлемдерден алынатыны атап өтілген. Егер сотқа жүгінгенге дейін алимент төленбеген болса, онда соңғы үш жылдағы берешекті өндіріп алуға болады.

"Жұмыспен қамтылған және жұмыссыз азаматтар үшін алимент өндіру тәртібі ерекшеленбейді. Жұмыссыздарға қатысты төлемдердің мөлшері республикадағы орташа жалақыны ескере отырып есептеледі. Уәкілетті органдар төлеушінің мүлкіне тыйым салуға құқылы", – деп түсіндірді орталықта.