Қазақстанда үздік Әдеп жөніндегі уәкілдер анықталды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «Үздік Әдеп жөніндегі уәкілді» анықтау мақсатында республикалық конкурстық комиссия отырысы өтті.

«Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» конкурсы 2018 жылдан бастау алады. Конкурс «Орталық мемлекеттік органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі», «Жергілікті атқарушы органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» атты 2 номинациядан тұрады. Қатысушылар конкурстық комиссияның қарауына мемлекеттік қызметшілердің имиджін арттыру және әдеп жөніндегі уәкіл институтын одан әрі жетілдіру мәселелеріне арналған эссе мен жоба презентациясын ұсынады.

Әрбір үміткер бойынша шешім конкурстық комиссия мүшелері қойған балдарды есептеу жолымен қабылданады. 

Комиссия мүшелері ретінде конкурсқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Агенттік және Мемлекеттік басқару академия, БАҚ өкілдері, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар қатысты. 
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Алма Сыдықова «Орталық мемлекеттік органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» болып танылды. Осы номинацияда алғашқы үш орынды келесі қатысушылар иеленді:

І орын – Илхам Аметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі;
ІІ орын –Зина Байгаскина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі;
ІІІ орын – Қабланбек Әшімов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Өңірлік деңгейде «Жергілікті атқарушы органның үздік Әдеп жөніндегі уәкілі» атағына Атырау облысының әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметова ие болды. Бұл номинация бойынша алғашқы үш орынды келесі конкурсанттар иеленді:
І орын – Сейілхан Серікбаев, Солтүстік Қазақстан облысы;
ІІ орын – Махсат Исаев, Түркістан облысы;
ІІІ орын – Ринат Арыстанбек, Шығыс Қазақстан облысы.
Жеңімпаздар «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне» арналған салтанатты іс-шарада марапатталады.
Қазақстанда Әдеп жөніндегі уәкіл институты 2015 жылдан бастап жұмыс істейді және қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік орган мен облыс әкімдерінің аппараттарында 765 Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады, олардың 30-ы дербес мәртебеге ие.
Бүгінде институт қызметі жоғары тиімділігін көрсетуде. Өткен жылдың өзінде Әдеп жөніндегі уәкілдер 20 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге консультациялық көмек көрсетіп, 167 өтініш берушінің құқығын қалпына келтірді, 25 мыңға жуық түсіндіру іс-шараларын жүргізді, оның ішінде өңірлерге 4,5 мың шығу іске асты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2022 жылы қызметтік әдеп нормаларын бұзу саны және тәртіптік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны 2021 жылмен салыстырғанда 412-ден 325-ке дейін, тиісінше 21% - ға қысқарды.