Құны 10 млн теңге болатын үнді марихуанасы тәркіленді

"Тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Тараз қаласының 50 жасар тұрғыны есірткі заттарын сақтап келгені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Яго есімді қызметтік ит тұрғылықты жерін тінту кезінде сарай мен бақшада жасырылған есірткіні табуға көмектесті. Күдікті тыйым салынған заттарды канистрлерде сақтаған. Жалпы салмағы 4 келі 604 грамм кептірілген үнді марихуанасы тәркіленді.

"Тәркіленген есірткінің қара нарықтағы құны 10 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деді Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.

Фото: Polisia.kz