Бұл мәселе туралы Атырау облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашов баспасөз мәслихатында баяндады , - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Мәселен, өткен жылы 320-ға жуық өтінішті қарадық. Ал биыл оның саны 541-ге артты, яғни өсім – 41%. Түскен шағымдардың 78%-ы (423 шағым) бөлшек сауда саласына қатысты. Оның негізгі себебі - сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту. Сонымен қатар департаментке түскен өтініштердің 372-сі, яғни 64%-ы қанағаттандырылған. Соның нәтижесінде 14 миллион теңге тұтынушыларға кері қайтарылды. Бұдан бөлек, 163 азамат өздерін қызықтырған мәселе бойынша ақпарат алған. 39 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді. Ал қалған 4 өтінішті қарап жатырмыз , - деді Е.Тағашов.
Айта кетейік, биыл департаментпен жүргізілген тексеріс нәтижесінде 33 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы мөлшері 4 млн 671 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.