Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мерзімі өткен несиелері бар азаматтардың банктік шоттарын бұғаттау тәжірибесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress. Оның айтуынша, қолданыстағы жүйе халықты қарызға батырып қана қоймай, жұмыс істеу, салық төлеу және қалыпты өмір сүру мүмкіндігін шектеп отыр.
Депутаттың мәлімдеуінше, соңғы жылдары банктік алаяқтық пен халықтың шамадан тыс несие алуы банктер үшін тиімді жүйеге айналған.
«Тұтынушылық несиелер банктер үшін табысты. Бірнеше жыл бұрын заңнамаға өзгеріс енгізіп, қазір қарыз жүктемесінің коэффициентіне қарамастан, несиені кез келген адамға беріп жатыр», – деді Мұрат Әбенов.
Ол бөліп төлеу де іс жүзінде несие екенін атап өтті.
«Бөліп төлеу арқылы да халықтың қарыз жүктемесі күшейіп отыр. Инфляция олардың 50 пайызбен несие беруінен өсіп жатыр, ал жауапкершілікті Үкіметке арта салады», – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, басты мәселе жеке тұлғалардың шоттарын жаппай бұғаттау болып отыр. Соның салдарынан азаматтар еңбекке араласа алмай, коммуналдық төлемдер мен салықтарды өтеу мүмкіндігінен айырылып отыр.
«Адам жұмысқа тұра алмайды, коммуналдық қызметтерді, айыппұлды, тіпті мемлекет алдындағы төлемдерді де жасай алмайды. Бұл – тұйық шеңбер», – деді ол.
Мәжілісменнің пікірінше, бұл тәжірибені не толықтай алып тастау, не қатаң шектеу қажет.
«Шотты толық бұғаттауға болмайды. Ең көбі – қаражаттың 30 пайызы, тіпті 50 пайыздан асырмау керек», – деді Әбенов.
Сондай-ақ депутат әлеуметтік осал топтардың – зейнетақы мен алимент алушылардың да бұғаттауға ұшырап жатқанын сынға алды.
«Зейнеткерге 20 миллион теңге несие беріп, кейін зейнетақысын бұғаттап тастайды. Бұл – әділетсіз», – деді ол.
Депутат алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер үшін жауапкершілікті де қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, алаяқтыққа жол берген жағдайда соттасуы тиіс тарап – банк болуы керек, ал азамат өз кінәсіздігін дәлелдеумен әуре болмауы тиіс.
Фото freepik