Бұзау іздеуге шыққан балалар суға батып кетті

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылында екі бала суға батып кетті. Қазіргі кезде бір баланың денесі табылды, ал екіншісін іздеу жұмысы жүріп жатыр деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚазАқпараттың жазуынша, оқыс оқиға 27 мамыр күні Ырғыз ауданында болған. Төтенше жағдайлар қызметіне Құрылыс ауылында екі баланың суға кеткені туралы хабар түскен. Оқиға орнына прокурорлар мен полиция барған. Алдын ала болжам бойынша 2011 жылы туған екі бала бұзау іздеуге шығып, қайтып оралмаған. Олардың жанында болған 13 жасар бала бірінің суға құлағанын, ал екіншісін көрмегенін айтқан.

«Сағат 17:30-да жергілікті атқарушы билік пен жергілікті тұрғындар күшімен бір баланың денесі шығарылды. Суға батып кеткен бір баланың әкесі мұғалім, анасы кәсіпкер. Екінші баланы іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Оған төтенше жағдайлар бөлімінің екі техникасы, 7 адам жұмылдырылды. Сүңгуірлер де барды. Полиция мен жергілікті тұрғындар да оқиға орнында», – дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Аталған деректі облыстық ТЖД баспасөз қызметі де растаған.

«Іздестіру жұмыстары нәтижесінде 12 жасар ер баланың денесі судан шығарылды. Қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған екінші ер баланың денесін табу үшін ТЖД, ДП, ЖАО және жергілікті тұрғындар іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.