Жуырда ғана қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған «Маңғыстау-Медиа» медиахолдингінің директоры Гүлмира Әбішева өзінің Instagram парақшасында 3 перзентін өлтірген ер адам туралы тың деректер пайда болғаны туралы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда ер адам өз балаларын өлтірді деген күдікке ілінді. Бірнеше күн бұрын 2011, 2014 және 2016 жылғы балалардың мәйіттері Ақтау қаласының 27 шағынауданындағы үйдің пәтерінен табылды. Гүлмира Әбішеваның айтуынша, бейресми дереккөздерден оған қайғылы оқиғаның кейбір тұстары мәлім болды. Белгілі болғандай, балалар анасымен бірге Атырауда тұрған екен. Әкесі 2 қызы мен 1 ұлын көктемгі каникул кезінде Ақтауға алып кеткен.
«Танитындар оны өзге ағымның жетегінде кеткен жігіт деп жазыпты. Ислам дінінде адам тұрмақ құмырсқаға қиянат етуге болмайды. Осы орайда білім және құқық қорғау органдары бас болып, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, өзге ағмдағы азаматтардың тізімін жасақтап, балаларын қадағалаған жөн-ау. Балалардан сауалнама алып, бақылауды қолға алса деген ұсынысым бар» деп жазды Г. Әбішева.
Депутаттың айтуынша, мектептерде көптеген ата-аналар қарсы болғандықтан, психологтардың балаларға сауалнама жүргізуіне тиым салынады және мамандардың кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеуіне кедергі жасайды.
Ал қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындары бұрын-соңды мұндай адамды көрмегенін алға тартады.
М.НҰРТАЕВА.