Атырау облысында жыл басынан бері 3 жарым мыңға жуық жас жұмысқа орналасты

Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 10 мың 718 жастың 3 мың 478-і жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов өңір басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте айтып өтті.

– Мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1 мың  481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Сонымен қатар жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 271 жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде осы жоба аясында 141 адам жұмыс істейді. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 23 адамды қамту жоспарланып, 3 адам жұмыс істеп жатыр, - деді А.Мәмбетов.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА