Ата-аналар мен оқушылар көбінесе 1-сыныпқа қабылдау, басқа мектепке ауысу, үйірмелерге тіркелу, сондай-ақ әскерге шақырудан кейінге қалдыруға байланысты сұрақтарға тап болады. Сонымен қатар, түлектерді «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысу шарттары қызықтырады. Осы материалда біз осы қызметтерді алу тәртібін түсінуге көмектесетін ресми ақпарат пен кезең-кезеңімен нұсқаулықтарды жинақтадық. Сонымен қатар қандай құжаттар қажет екенін және қайда жүгіну керектігін айтып өтеміз.
1-сыныпқа қалай қабылдануға болады және қандай құжаттар қажет?
Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымы қызмет көрсететін аумақта тұратын барлық балалар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, алты жастағы және күнтізбелік жылы алты жасқа толатын балаларды 1-сыныпқа қабылдауды жүзеге асырады.
1-сыныпқа құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 31 тамызына дейін жүргізіледі. Құжаттар тізімі:
3х4 фото;
баланың 052-2 денсаулық паспорты;
065-е профилактикалық екпе картасы және медициналық анықтама.
Портал арқылы өтініш бергенде, білім беру ұйымы қызмет көрсететін аумақтан алғаш тіркелген үш өтініш берушіге қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі. Одан кейін, аумақтан тыс жерде тұратын, бірақ 1 қыркүйектен бастап алғашқылардың бірі болып тіркелген бір үміткерге хабарлама жіберіледі.
Сабақ жүріп жатқан кезде баламды басқа мектепке ауыстыруға бола ма?
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес, "Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арасында балаларды ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау" бойынша қызмет алушы (ата-ана немесе заңды өкілі) портал арқылы немесе қағаз жүзінде өтініш бере алады:
Портал арқылы өтініш бергенде, қызмет алушының "Жеке кабинетіне" қажет мәліметтер (аты-жөні, туған жылы, сыныбы, оқыту тілі және мектебі) енгізіледі. Қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда, уәкілетті тұлға ЭЦҚ арқылы қол қойылған хабарлама жібереді. Хабарламада бас тарту себебі көрсетіледі.
Қағаз нұсқада тапсырғанда, қызмет беруші оқушының келетін білім беру ұйымына ұсынуға арналған жіберу талон береді. Талонда аты-жөні, туған жылы, сыныбы, оқыту тілі және мектебі туралы ақпарат болады.
Келген білім беру ұйымына ұсынылатын – жіберу талонның түпнұсқасы оқушы құжаттарын алатын мектепке беріледі.
Негізгі талаптар:
Қызмет алушының жеке деректерінің және оқу орнына қатысты ақпараттың дұрыстығы;
Құжаттарды толық әрі уақытылы тапсыру.
Бұл процесс балалардың оқу орындары арасында ауысуын жеңілдетуге және ата-аналар мен заңды өкілдерге қажетті ақпарат пен құжаттарды рәсімдеуге көмектесу мақсатында енгізілген. Қосымша ақпарат алу үшін жергілікті білім бөлімдерінің ресми сайттарына немесе кеңселеріне жүгінуге болады.
Білім алып жатқан азаматтар «Шақырудан кейінге қалдыру» қызметін қалай ала алады?
Қызметті алу үшін elicense.kz порталына кіру қажет. «Қауіпсіздік» бөліміне өтіп, қажетті қызмет пен мемлекеттік органды таңдаңыз. Содан кейін көрсетілген және қосымша өрістерді толтырып, кейінге қалдыру себебін және әскери есеп орнының мәртебесін көрсете отырып, құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктегеннен кейін өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қою керек.
Қажетті құжаттар тізімі:
қызмет көрсетуге өтініш – ЭЦҚ немесе бір реттік парольмен куәландырылған электрондық құжат түрінде;
білім алып жатқанын растайтын оқу орнынан анықтаманың электрондық көшірмесі.
Немесе сіз ХҚО-ға жүгінуге болады.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына кім қатыса алады?
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылға келген дипломды мамандар мен мемлекеттік қызметшілерге бір реттік көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға арналған бюджеттік несие қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау шаралары келесі мерзімдерде ұсынылады:
қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін 39 күнтізбелік күн ішінде көтерме жәрдемақы төленеді;
32 күнтізбелік күн ішінде келісімшарт жасалады және келісімнен кейін 30 жұмыс күні ішінде тұрғын үй сатып алу немесе салуға бюджеттік несие беріледі;
егер қолдау көрсетуден бас тартылса, уәкілетті орган 3 жұмыс күні ішінде дәлелді жауап жолдайды.
Қызмет тегін көрсетіледі. Толық ақпарат www.minagri.gov.kz сайтындағы "С дипломом в село" бөлімінде орналастырылған.
Тегін үйірмелерге қалай тіркелуге болады?
Балаларға арналған үйірмелерді іздеу және тіркелу үшін арнайы «DamuBala» платформасы бар. 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар үшін жан басына шаққан қаржыландыру бағдарламасы аясында тегін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар.
Тіркелу үшін жүйеге кіріп, балаңыздың профилін (аты-жөні, туған жылы және басқа ақпарат) жасаңыз және спорттық немесе шығармашылық үйірмелердің біріне тегін жаздырыңыз. Бір бала тек 1 үйірмеге ғана тегін қатыса алады.
Фото AtyrauPress