Астанада аутизм орталығы ашылды

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек оңалту орталықтарының желісін кеңейту жұмыстары аясында биыл бірқатар мектеп пен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланып отырғанын мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында әлеуметтік нысандар, оның ішінде оңалту орталықтары ашылады.

"Мұндай орталықтардың ашылуын ата-аналар тағатсыздана күтетінін білемін. Бүгін "Асыл Мирас" аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған орталыққа бардым. Бұл – Болат Өтемұратов қоры әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырған Астанадағы екінші орталық", - деп жазды елорда әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазір мұғалімдерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр, көп ұзамай балалар осы орталыққа барады. Жаңа орталық жылына 900-ге жуық баланы қамти алады.

"Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалар қатынайтын №89 балабақшаға бардым, өйткені бүлдіршіндердің әлеуметтенуі маңызды. Онда "Болашақ" Корпоративтік қорымен бірлесіп инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды", - деп толықтырды ол.

Кездесуде ата-аналар тьюторларды дайындау мәселесін көтерді. Жеңіс Қасымбек әкімдік осы бағытта жұмыс істейтінін атап өтті. Оңалту орталықтары балалардың денсаулығын сақтауға, оң нәтижелер көруге әрі оларды әлеуметтендіруге мүмкіндік береді.