Алматыда өрттен 13 адам қаза тапты

Алматыда 30 қараша күні таңертең ертемен Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостел өртенді. Өрт салдарынан 13 адам қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz қаланың төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
 
Өрт туралы хабар таңғы сағат 05:30-да түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеті минутта жетіп, үш қабатты ғимараттың жертөлесіндегі өртті сөндіруге кіріскен. Хостел ғимараттың жертөлесі мен бірінші қабатында орналасқан.
 
Өрт сөндірушілер өрт орнынан қаза тапқан 13 адамның мәйітін тапты.
 
Қазір өрттен қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығы иіс тиіп, көз жұмған.
 
Өрт кезінде жатақханада 72 адам болған, оның 59-ы сыртқа өз бетімен шыққан.