Ақтауда мектепте алған екпеден кейін екі оқушының жағдайы нашарлаған

Ақтауда мектеп оқушылары А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы балалардың мектепте алған екпеден кейінгі жағдайы нашарлағанын мәлімдеді.

Ақпанның 23-і күні Ақтаудағы мамандандырылған IT лицейінің екі оқушысы А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезініп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

"Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тексерістен кейін психоэмоционалды күйзеліс анықталды. Жағдайлары жақсарғаннан кейін ата-аналары балаларды ауруханаға жатқызудан бас тартты. Науқастар амбулаторлық емделуге жіберілді. Балалар жергілікті мекен жайы бойынша тркелген ауруханалардың бақылауында болады", - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Балаларға жоспар бойынша екпе егіліп, педиатрдың бақылауында болғаны, қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, екпеге реакция жоқ екені атап өтілді.

Фото: freepik