2027 жылдан бастап Қазақстан бірыңғай сақтандыру моделіне көшеді

Қазақстан 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында бірыңғай сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшеді, - деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, аталған реформа медициналық көмектің сапасын арттыруды көздейді. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері салаға бөлінетін қаржы көлемі үш есеге өскен.

— Биыл медициналық көмектің бірыңғай пакеті туралы заң қабылданды. Онда 2027 жылдан бастап бірыңғай сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу қарастырылған. Бұл ретте шығындардың 35 пайызы тегін медициналық көмектің кепілді көлемі есебінен, ал 65 пайызы МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылатын болады. Саланы цифрландыру аясында E-Densaulyk экожүйесі дамып, 17 ақпараттық жүйе оңтайландырылады, - деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, ел бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

- Соңғы үш жылда Ұлттық онкология орталығы, жедел медициналық көмек және жұқпалы аурулар орталықтары сияқты нысандар салынды. Ауылдық аумақтарды дамыту мақсатында биылғы жылдың соңына дейін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 655 нысанның құрылысы аяқталады. Оның 637-сі бүгінде пайдалануға берілді, - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, жаңа модель саланың тиімділігін арттырып, медициналық қызметтің қолжетімділігін күшейтуге ықпал етпек.