Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Ақорданың ресми баспасөз қызметі мәлімдеді. Кездесу барысында Президентке Агенттіктің 2025 жылы атқарған жұмыстарының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде есеп берілді.
Жанат Элимановтың айтуынша, жыл ішінде 1135 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 141,5 млрд теңге өтелген. Заңсыз қолма-қол ақша айналымымен айналысқан 15 қылмыстық топ пен 29 алаңның қызметі тоқтатылған.
Сонымен қатар есірткі саудасы мен алаяқтық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қатысы бар 22 астыртын криптоалмасу қызметі жабылып, 20 мыңнан астам дроп-карта бұғатталған. Қаржы секторында күмәнді деп танылған 2 мың компания және 56 мың адаммен іскерлік байланыс үзілген.
Агенттік инфрақұрылымдық жобаларда бюджет қаржысының негізсіз жұмсалуына да тосқауыл қойған. Атап айтқанда, 53 жоба бойынша 264,2 млрд теңге көлеміндегі шығынның алдын алу мүмкін болған. Сондай-ақ көмір бағасының жасанды өсуіне әсер еткен 2 млрд теңгелік заңсыз сыйақы схемасы әшкереленді.
Бұдан бөлек, контрабандалық жолмен шетелге 102 мың тонна бензин шығару әрекетінің жолы кесіліп, ел ішіндегі жанар-жағармай тапшылығының алдын алу шаралары қабылданған. Онлайн-казино қызметі арқылы заңсыз айналымға түскен 2,1 трлн теңге анықталғаны да айтылды.
Мәселенің өзектілігі – көлеңкелі экономика, заңсыз қаржы айналымы және алаяқтық әрекеттердің қоғам мен мемлекетке келтіретін шығынының артуында. Осы себепті Президент қаржылық қауіпсіздікті күшейту, әлеуметтік маңызы бар салалардағы заңбұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.