1 қарашаға дейін 714 мың қазақстандық жұмыспен қамтылды

2025 жылғы 1 қарашаға дейін елімізде 714 мың қазақстандық азамат жұмысқа орналасты. 

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, оның ішінде 284 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, түрлі мемлекеттік жобалар аясында еңбекке тартылған.Субсидияланатын жұмыс орындарына 161,7 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде:

әлеуметтік жұмыс орындарында – 13,1 мың адам;

жастар практикасында – 25,6 мың адам;

қоғамдық жұмыстарда – 98,7 мың адам;

«Күміс жас» жобасы аясында – 17,9 мың адам;

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 6,2 мың адам;

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде – 289 адам еңбекке тартылған.

Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 400 АЕК-ке дейінгі (1 572 800 теңге) мөлшерінде 8 968 грант берілді. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша 55,9 мың жұмыссыз онлайн оқуға қамтылды, оның ішінде 51,4 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алған.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 48,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге қатысып, оның 27 мыңы оқуды сәтті аяқтады. Ал жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 8 901 адам кәсіби оқуға жіберіліп, 2 256 адам оқудан кейін жұмысқа орналастырылған.

Бұдан бөлек, 331,3 мың азамат әлеуметтік кәсіптік бағдарлау орталықтарында кеңес беру және бағыттау қызметтерін алған. Министрлік азаматтардың шын мәнінде жұмысқа орналасқандығы міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы арқылы расталатынын атап өтті.

Жалпы, 2025 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша жұмысқа орналастырылған 714 мың адамның ішінде:

халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде – 170,7 мың адам;

Электрондық еңбек биржасы арқылы – 175,7 мың адам;

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 333,6 мың адам;

орталық мемлекеттік органдардың жобалары шеңберінде – 34 мың адам еңбекке тартылған.