Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында айтқан ойлары — еліміздің саяси жүйесін жетілдіру жолындағы аса маңызды бастама. Бұл — мемлекет дамуының жаңа кезеңіне қадам басу деген сөз. Парламенттік реформа қоғамның сұранысынан туындап отыр. Өйткені уақыт талабы – билік тармақтарының өзара теңгерімді әрі тиімді жұмыс істеуі, халық сенімін арттыру.
Президенттің «Парламенттік реформа – еліміздің, халқымыздың тағдырына тікелей қатысы бар мәселе» деген сөзі бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл бастама заң шығарушы органның жұмысын жаңғыртып қана қоймай, елдегі демократиялық процестерді тереңдетуге бағытталған. Парламент – халықтың үні, ел мүддесінің айнасы. Сондықтан оның қызметі ашық, белсенді әрі қоғаммен тығыз байланыста болуы қажет.
Менің ойымша, Парламенттік реформаның басты мақсаты – заң шығару мәдениетін жаңа деңгейге көтеру, депутаттардың жауапкершілігін арттыру және шешім қабылдау ісінде азаматтардың пікірін ескеру. Қазіргі таңда халықтың саяси мәдениеті өсіп, қоғамдық белсенділігі артқан. Сол себепті Парламент те заман талабына сай өзгеруі тиіс.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, бұл жұмысқа түрлі сала мамандары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тартылып отыр. Бұл – кең ауқымды, ашық диалогтың көрінісі. Осындай пікір алмасу арқылы еліміздің саяси жүйесін шын мәнінде тиімді, әділетті және халыққа жақын етуге мүмкіндік туады.
Сондықтан да бұл реформаны қолдау – әр азаматтың, әр зиялының парызы деп білемін. Себебі мұның түпкі нәтижесі – әділетті қоғам мен сенімді билік институттарын қалыптастыру.
Алпамыс Хасанұлы,
Атырау облысының ардагер ұстазы, ҚР білім беру ісінің үздігі