Заң мен тәртіпке мектеп қабырғасынан баулу керек

Атырауда мектеп оқушыларын полиция қызметімен таныстыру бағытында «ашық есік күндерін» өткізу дәстүрге айналып келеді.

Атап айтсам, жуырда ғана «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысы полиция департаментінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Жеке құраммен жұмыс басқармасының қызметкерлері оқушыларды арнайы қарсы алып, департаменттің құрылымы мен негізгі қызмет бағыттарымен жан-жақты таныстырды. Балалар полиция департаментінің мұражайында болып, ішкі істер органдарының тарихымен, ардагерлердің еңбегімен және қызметтік құнды жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ, білім алушылар Жедел басқару орталығында болып, полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы мен заманауи технологиялардың қолданылу барысын көрді. Бұдан бөлек, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жаттығу көрінісін де тамашалады.

Мұндай шаралардың басты мақсаты – балаларға полиция қызметін жақынырақ таныстырып, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қоғамның бәрі жауапты екенін түсіндіру. Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.

Қуандық Сүйіндіков,

Атырау облысы ПД Жеке құраммен жұмыс басқармасының аға инспекторы полиция майоры