Заңды кәсіпкерлердің керегіне қарай бейімдеу қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған «заңды кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеу» және «министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігін күшейту» туралы бастамасы — ел экономикасының нақты секторына серпін беретін өте маңызды қадам. Себебі қазіргі таңда кәсіпкер үшін ең үлкен кедергі – артық реттеу мен бір-біріне қайшы келетін заң нормалары. Әсіресе, аймақтардағы шағын және орта бизнес субъектілері жиі кездесетін жағдай – құжаттық талаптардың көптігі мен бақылау органдарының қатаң шешімдері.

Құлсары қаласында кәсіппен айналысатын адам ретінде мен мұны күнделікті өмірде сеземін. Бір жағынан, мемлекет бизнесті қолдау бағдарламаларын ұсынып жатыр, бірақ екінші жағынан, сол мүмкіндіктерге жету үшін қағазбастылықтан, әкімшілік кедергілерден өту оңай емес. Президент атап өткендей, заңнаманы жасанды интеллект арқылы жүйелеу — бұл заманауи шешім. Егер бұл бастама нақты іске асса, кәсіпкерлердің уақыты мен күшін үнемдеп, бизнеске деген сенімді арттырады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігін арттыру туралы айтылғаны да өте орынды. Өйткені кейде аймақтардағы бизнеске қатысты мәселелер жоғары деңгейде шешілмей, жергілікті шенеуніктердің селқостығынан тоқтап қалады. Ал жауапкершілікті нақтылап, әр шенеуніктің нәтижесін ашық көрсететін жүйе енгізілсе, кәсіпкер мен билік арасындағы диалог та нығая түседі.

Президент ұсынған жоғары технологияларға 1 млрд доллар инвестиция тарту бағдарламасы да маңызды бастама. Бұл өңірлер үшін, соның ішінде Атырау сияқты индустриялық аймақтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Егер мемлекет осы инвестицияның бір бөлігін өндіріс пен цифрлық технологияларды дамытуға, жергілікті кадрларды оқытуға бағыттаса, біз өз өңірімізден де экспортқа жұмыс істейтін заманауи кәсіпорындар шығара аламыз.

Қорыта айтқанда, Жолдауда көтерілген бұл бастамалар қағаз жүзінде емес, нақты іске асса — кәсіпкерлер үшін жаңа дәуірдің бастауы болмақ. Ең бастысы, мемлекеттік аппарат та осы өзгерістерді шын ниетпен қолдап, бизнестің серіктесіне айналуы қажет.

Нұрислам Асқарұлы,

Құлсары қаласының тұрғыны, кәсіпкер