Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидасы туралы айтқан сөздері қоғам үшін өте өзекті. Расында да, кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Егер әр азамат заңды сыйлап, тәртіпке бағынса, елімізде әділдік пен өзара құрмет орнайды.
Қазір, өкінішке қарай, қоғамда бір-біріне дөрекі сөйлеу, ұсақ жанжалдарға бару сияқты келеңсіз жағдайлар жиілеп барады. Мұның бәрі отбасындағы, мектептегі, қоғамдағы тәрбие мен мәдениеттің әлсірегенін көрсетеді. Ұстаз ретінде айтарым — тәртіп пен заңға бағыну да балалық шақтан қалыптасуы керек. Біз жас ұрпаққа тек білім ғана емес, адамгершілік пен жауапкершілікті де сіңіруіміз қажет.
Президентіміз атап өткендей, қоғамдық орындардағы дөрекілік, әсіресе әйел адамдар тарапынан болатын мәдениетсіз әрекеттер елдің беделіне нұқсан келтіреді. Қазақ әйелі — әрдайым ибалықтың, парасаттылықтың, сабырдың үлгісі болған. Сондықтан біз, аға буын өкілдері, жастарға осы қасиеттерді қайта дарытуымыз керек.
Қоғамда заңға құрмет пен тәртіп мәдениетін орнықтыру — баршамыздың ортақ міндетіміз. Егер әр адам өз ісіне, сөзіне жауапкершілікпен қараса, елімізде шынайы өркениетті қоғам қалыптасады.
Қысқасы, Президенттің бұл бастамасы — тек құқық қорғау жүйесіне емес, бүкіл қоғамға арналған үндеу. Заң мен тәртіп — мемлекеттің ғана емес, рухани мәдениетіміздің де берік іргетасы.
Клара Шамарқызы,
ардагер ұстаз, Бөкейхан ауылының тұрғыны