Тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – бәрінен маңызды

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтылған әлемдік геосаяси ахуалға қатысты ойлары – қазіргі халықаралық жағдайдың шынайы көрінісі. Шынында да, алпауыт мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылықтардың ұлғаюы, түрлі өңірлердегі қақтығыстар мен тұрақсыздық бүкіл адамзат үшін үлкен сын-тегеурінге айналып отыр. Мұндай кезеңде әр ел өзінің ішкі тұтастығын, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылығын сақтау арқылы ғана жаһандық дүрбелеңнің әсерін еңсере алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұзақ жылдар бойы бірлік пен татулықты басты құндылық ретінде дәріптеп келеді. Біз әртүрлі этностардың өзара құрметі, ашық диалогы және ынтымақтың арқасында кез келген қиындықты еңсеруге болатынын талай мәрте дәлелдедік. Осындай күрделі уақытта Президенттің реформаларды жалғастыру жөніндегі бастамалары елдің саяси жүйесін нығайтып, қоғамның сенімін арттыруға бағытталғаны қуантады.

Жолдауда атап өтілгендей, халықаралық қатынастардағы шиеленіс тек сыртқы саясатқа ғана емес, экономикаға да ықпал етеді. Сондықтан елімізге әртараптандырылған даму жолы, жаңа технологияларды игеру және заманауи білімге негізделген адам капиталы ауадай қажет. Бұл – жас ұрпақтың болашағы үшін жасалатын стратегиялық қадам.

Мен Ассамблея ардагері ретінде бүгінгі буынға бір ғана ойды жеткізгім келеді: ынтымақ пен бірлік – біздің ең үлкен күшіміз. Әлем құбылып тұрған шақта татулықты сақтау, бір-бірімізді қолдау, ел ішінде тұрақты диалог орнату – әр қазақстандықтың ортақ міндеті. Президент айтқан реформаларды табысты жүзеге асыру да дәл осы қоғамдық келісімге сүйенеді.

Біз бірлігімізді бекем ұстай білсек, Қазақстан алдына қойған мақсаттарына сенімді түрде жете алады.

Светлана Алексейқызы,

Қазақстан Халық Ассамблеясының ардагері

Атырау облысы