Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауында криптоактивтер мен цифрлық теңгеге ерекше назар аударуы – уақыт талабына сай, өте орынды шешім деп санаймын.
Бүгінгі жаһандық экономикада цифрлық активтер елдің қаржы тәуелсіздігін нығайтып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе, Ұлттық банк негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру бастамасы – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды қадам. Бұл қор арқылы мемлекет болашақта крипторезерв жинақтап, экономиканың тұрақтылығын арттыра алады.
Сауда саласында көп жыл еңбек еткен адам ретінде айтарым – цифрлық теңге мен блокчейн технологияларын енгізу бизнестегі ашықтықты күшейтеді, көлеңкелі айналымды азайтады, есеп-қисаптың нақтылығын арттырады. Бұл – әсіресе шағын және орта кәсіп иелері үшін тиімді. Мемлекеттік холдингтер мен жергілікті бюджеттерде цифрлық теңгені пайдалану тәжірибесі бизнесті жаңа деңгейге шығарады деп сенемін.
Сонымен қатар Президент киберқауіпсіздік мәселесіне де орынды тоқталды. Расында да, цифрландырумен бірге тәуекел де артады. Онлайн-алаяқтықтың алдын алу үшін құрылған антифрод орталығы мен биометриялық жүйе – халықтың қаржысын қорғаудағы маңызды тетік. Мұндай шаралар кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы сенімді нығайтады.
Жалпы алғанда, бұл бастамалар Қазақстанның цифрлық экономикаға нақты бағыт алып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы реформаларды аймақтарда, соның ішінде Атырау сияқты өндіріс пен саудасы дамыған өңірлерде тиімді жүзеге асыру. Сонда ғана цифрлық активтер ел дамуының жаңа драйверіне айналады деп ойлаймын.
Өтеген Елемесұлы,
сауда саласының ардагері