Цифрлық теңге қаржы жүйесінің ашықтығын арттырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы криптоактивтерге баса назар аудару жөніндегі бастамасын мен уақыт талабына сай жасалған өте маңызды қадам деп есептеймін. Бүгінгі жаһандық экономиканың қарқыны мен цифрлық технологиялардың дамуын ескерсек, цифрлық активтерді реттеу, қолдау және тиімді пайдалану – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарттарының бірі.

Президент ұсынған Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру – стратегиялық тұрғыдан өте дұрыс шешім. Мұндай құрылым болашағы зор криптоактивтерден құралған ұлттық резерв жинақтауға, жаңа қаржы нарығына ынталы инвесторларды тартуға және экономиканың инновациялық секторын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл – Қазақстанның жаңа цифрлық қаржы архитектурасына сенімді түрде қадам басуы. 

Сонымен қатар, Жолдауда ерекше атап өтілген цифрлық теңгені кеңінен енгізу – мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын арттырып, бюджет қаражатының жұмсалуын толық қадағалауға жол ашады. Бұл еліміздің қаржылық тәртібін нығайтып, экономикалық процестерді заманауи деңгейге шығарады.

Дегенмен, цифрлық мүмкіндіктермен бірге қауіп-қатердің де артатыны рас. Президент атап өткендей, онлайн-алаяқтық пен кибер-қылмыс – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы тұрғыда антифрод орталығының құрылуы, биометриялық тексеру жүйелерінің енгізілуі және қаржы ұйымдарының жауапкершілігінің күшейтілуі – орынды әрі дер кезінде қабылданған шаралар. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты бір сәтке де бәсеңдетуге болмайды.

Цифрлық заманда құқық қорғау органдарының да жұмыс тәсілі түбегейлі жаңаруы тиіс. Тиісті заңнаманы жетілдіру, технологиялық сараптама орталықтарын күшейту, киберқауіпсіздік кадрларын даярлау – еліміздің ақпараттық және қаржылық қауіпсіздігі үшін аса маңызды міндет.

Президенттің бастамалары мемлекеттің цифрлық даму стратегиясын нақтылап қана қоймай, Қазақстанның жаңа экономикалық дәуірге бейімделуіне жол ашады деп сенемін.

Әспенби Жарылғасов,

заң саласының ардагері

АТЫРАУ

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ