Цифрлық инфрақұрылымды біріздендіру қажет

Президент Тоқаевтың Қазақстанды үш жылдың ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру туралы тапсырмасы – уақыт талабы ғана емес, біздің технологиялық болашағымыздың нақты бағдары деп санаймын.

Әлем жасанды интеллекттің, автоматтандырудың және деректерге негізделген шешімдердің жаңа дәуіріне қадам басты. Егер біз қазір қарқын қоспасақ, техно-экономикалық бәсекеде артта қалу қаупі өте жоғары.

Атырау өңірінің өзінде соңғы жылдары ірі компаниялар өндірістік процестерді цифрландыруға, predictive analytics, IoT және machine learning шешімдерін енгізуге бет бұрып жатыр. Бұл біздің елдің кадрлық әлеуетін арттыруға, жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді. Бірақ цифрлық елге айналу үшін тек технология енгізу жеткіліксіз — қоғамның цифрлық мәдениетін көтеру, мемлекеттік жүйелерді интеграциялау және деректер қауіпсіздігін күшейту қажет.

Меніңше, үш жылдық мерзім — өте қысқа, бірақ қол жеткізуге болатын мақсат. Бұған тек үкіметтің емес, жергілікті бизнес пен ІТ-мамандардың да белсенді қатысуы маңызды. Егер цифрлық инфрақұрылымды біріздендіріп, жасанды интеллектті дамытуға жағдай жасасақ, Қазақстан тек тұтынушы емес, технология өндіруші мемлекетке айнала алады.

Бастысы — батыл шешімдер қабылдау және халықты жаңа цифрлық ортаға жұмылдыра білу. Президенттің бастамасы осы жолдағы қуатты серпіліс болмақ.

Алмас Текешов, 

атыраулық бағдарламашы