«Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидасы – тұрақтылық пен тыныштықтың темірқазығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығына қол қоюы – еліміздегі ішкі саясатты жүйелендіру және үйлестіру бағытында маңызды қадам. Бұл құжат мемлекеттік органдардың жұмысына нақты бағдар беріп, ішкі саясатты жүргізудің тұжырымдамалық негізін қалыптастырады.

Ұлттық құрылтай мүшелері, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар қатысуымен әзірленген бұл құжатта қоғамдағы ең өзекті мәселелер – заң және тәртіп, халық үніне құлақ асатын мемлекет, этносаралық келісім, жастар саясаты, отбасы құндылықтары, мәдени-гуманитарлық даму және ақпараттық саясат сияқты бағыттар қамтылғаны қуантады. Әсіресе «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидалары ұлттар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, әр этностың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға үлесін қосады.

Біз, этномәдени бірлестіктер, осындай құжаттарды қолдай отырып, қоғамдағы бейбітшілік пен өзара сыйластықты сақтауға, ұлттық бірегейлікті дәріптеуге бар күшімізді жұмсаймыз. «Пәрвәз» ұйғыр этномәдени бірлестігі де өз қауымымыздың мәдениетін насихаттау, жастар мен отбасы құндылықтарын қолдау арқылы ішкі саясат қағидаларын жүзеге асыруға белсенді ат салысады.

Бұл тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдар үшін ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері үшін де жұмыс бағыттарын айқындап, үйлестіруге негіз болады деп сенемін. Тек осындай үйлесімді және жүйелі тәсіл арқылы ғана Қазақстан қоғамында бірлік, тұрақтылық пен әділеттілік қамтамасыз етіліп, әрбір азаматтың құқығы қорғалатын болады

Қоғамдағы этносаралық келісім мен толеранттылықты сақтау – еліміздің дамуы мен бейбіт өмірінің негізі. Бүгінгі таңда көпэтносты Қазақстан үшін әрбір ұлт пен ұлыстың мәдени құндылықтарын сақтау, өзара сыйластық пен түсіністікті нығайту аса маңызды. Этносаралық қатынастар тек қоғамдық өмірдің бір бөлігі емес, ол – елдің тұрақтылығы мен ұлттық бірлігінің басты кепілі.

Этномәдени бірлестіктердің қызметі осы бағытта ерекше рөл атқарады. Біз өз қауымымыздың дәстүрін, мәдениетін дәріптеу арқылы қоғамдағы этносаралық диалогты дамытуға үлес қосамыз. Сонымен қатар, әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау, кемсітушілік пен кез келген дискриминациялық әрекеттерге қарсы тұру – біздің басты міндетіміз. Бұл тек моральдық жауапкершілік емес, заңдық тұрғыдан да қолдау тапқан міндет.

Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастар саласында үйлестіруші рөл атқаратын маңызды институт болып табылады. Ассамблея арқылы этносаралық қатынастарды сапалы мониторингтеу, әлеуметтік және мәдени зерттеулер жүргізу, қоғамдық пікірді ескере отырып тиімді шешімдер қабылдау мүмкіндігі туады. Бұл іс-әрекеттер қоғамдағы сенімділікті арттыруға, ұлтаралық ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға бағытталған нақты қадамдар болып табылады.

«Пәрвәз» ұйғыр этномәдени бірлестігі өз кезегінде мәдени іс-шаралар, дәстүрлі мерекелер мен білім беру жобалары арқылы қоғамдағы өзара түсіністікті тереңдетуге, ұлттар арасындағы достық байланыстарды күшейтуге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Біз әрдайым өз қауымымыздың мәдениеті мен дәстүрін насихаттай отырып, қоғамдағы әрбір азаматқа құрметпен қарауды басты принципіміз деп санаймыз.

Бүгінгі таңда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту – тек мемлекеттік деңгейде емес, әрбір азамат пен этномәдени ұйымның белсенді қатысуын талап ететін өзекті міндет. Тек осындай үйлесімділік пен ынтымақтастық арқылы ғана еліміздің тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, болашақ ұрпаққа бейбіт, әділ әрі тұрақты қоғам қалдырылады.

Гүлназ Имирова,

"Пәрвәз" ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы