Су ресурстарын басқаруда цифрлық бақылау орнату – уақыт талабы

Президенттің Жолдауындағы су ресурстарын тиімді пайдалану мен оны цифрландыру мәселесі бәріміз үшін өзекті деп ойлаймын. Әсіресе еліміздің батыс өңірі, соның ішінде Атырау облысы үшін су тапшылығы - бүгінгі күннің ең маңызды тақырыбы.

Мемлекет басшысы айтқан су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру бастамасы - өте дұрыс әрі дер кезінде қолға алынған шешім. Мұндай жүйе арқылы жерүсті және жерасты сулары туралы нақты деректер жиналып, олардың қозғалысы мен көлемін бақылауға мүмкіндік туады. Бұл - суды есепсіз пайдалану мен ысыраптың алдын алудың ең тиімді жолы.

Атыраудағы өзен-көлдер мен каналдардың жағдайын ескерсек, суды үнемдейтін технологияларды енгізу ісі бізге де ауадай қажет. Көптеген шаруашылықтар әлі күнге дейін ескі суару жүйесін қолданады. Президент атап өткендей, шетелдік озық технологияларды енгізу, соның ішінде Қытай мен басқа да елдердің тәжірибесін пайдалану - нақты нәтиже беретін қадам.

Сондай-ақ, су заңсыз сатылып, рұқсатсыз бұрылып алынатын жағдайлар да бар екенін жасырмай айту керек. Бұл мәселе тек бақылаумен емес, жауапкершілікпен шешіледі деп ойлаймын.

Бізде жақсы мысал да бар - Аралды сақтау жұмысы. Солтүстік Аралдың суы көбейіп, айдыны ұлғайды. Бұл - жүйелі және ұзақ мерзімді еңбектің нәтижесі. Демек, дұрыс жоспар мен тұрақты бақылау болса, табиғатты қалпына келтіруге болады.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауылшаруашылық ғылымдарының докторы

Атырау қаласы