Салық жүйесін жасанды интеллектпен жеңілдетуге болады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Салық кодексі мен салықтық әкімшілендіруді жетілдіру туралы бастамасы — кәсіпкерлер үшін өте маңызды әрі уақытылы қадам. Соңғы жылдары цифрландыру саласында ілгерілеушілік болғанымен, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылда әлі де артық бюрократиялық кедергілер бар. Бұл әсіресе шағын және орта кәсіп иелеріне үлкен салмақ түсіреді.

Мемлекет басшысының салық жүйесін жасанды интеллект және озық технологиялар арқылы жеңілдету туралы тапсырмасы бизнесті дамытуға серпін береді деп есептеймін. Егер салықтық әкімшілендіру ашық әрі түсінікті болса, кәсіпкерлердің де мемлекетке деген сенімі артады.

Сонымен қатар, Президент атап өткендей, адал салық төлеушілердің мүддесін қорғау — экономиканың тұрақтылығына және әділ бәсекелестікке жол ашады. Біз төлеген әр теңгенің ел игілігіне жұмсалатынына көз жеткізу — қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың басты шарты.

Даму институттарының жұмысын қайта қарау да орынды. Кәсіпкерлер үшін нақты қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда нақты нәтижеге бағытталған жүйе қажет. Егер осы өзгерістер іске асса, еліміздегі бизнес-ахуал жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.

Мұрат Есболов,

атыраулық кәсіпкер